
Халықаралық жастар күніне орай Тұңғыш Президент саябағында «Jastar Fest-2026» атты мерекелік кеш өтті.
Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, ізгі тілегін білдірді.
– Жастардың сапалы білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасуына, шығармашылық және қоғамдық әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау – мемлекетіміздегі маңызды міндеттердің бірі.
Бүгінде қала жастарының еңбек етуіне, кәсіп бастап, спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін түрлі жобалар мен бастамалар жүзеге асып жатыр. Оның ішінде жас буынның тың идеялары мен жаңа бастамаларына барлық мүмкіндіктер қарастырылған, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бірқатар белсенді жасқа қала әкімінің Алғыс хаты мен 100 мың теңгелік сыйақының сертификаттарын табыстады.
Атап айтқанда, қалалық «Мансаптық орталығының» жұмыс берушілерді қолдау секторының маманы Айгерім Сейітқадырова, Жамбыл облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Нүркен Құрбанов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Ернар Жылысбаев, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениеті үйінің «Әдістемелік бөлім» меңгерушісі Байжан Әбенов, қалалық жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі мамандары – Нұрзат Амангелді, Еркебұлан Спабек, Лиана Сабыр және «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық акцияларына белсене қатысып, қала тазалығына елеулі үлес қосып жүрген Саяхат Ибрагим, Дарын Рысбай, Матвей Пеньков арнайы марапаттарға ие болды.
Кеш барысында танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар ән шырқап, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.
Жалпы, бүгінде Тараз қаласында жастардың жан-жақты дамуына, өз қабілеті мен әлеуетін толық жүзеге асыруына барлық жағдай жасалуда. Әсіресе жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға басымдық беріліп келеді. Қаладағы жастар ресурстық орталығы арқылы жас буынның тың идеялары мен бастамаларына қолдау көрсетіліп, түрлі мәдени, спорттық, танымдық және әлеуметтік жобалар ұйымдастырылуда. Бұл өз кезегінде жастардың өз ортасын қалыптастырып, жаңа бастамаларды қолға алуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жастардың жұмыспен қамтылуына, кәсіби бағдар алуына және еңбек нарығында өз орнын табуына да ерекше көңіл бөлінуде. Кәсіп бастауға ниетті жастарға қолдау көрсету, олардың жаңа жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасау бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып келеді.
Спорт саласында да жас буынның бұқаралық спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беру мақсатында түрлі спорттық іс-шаралар мен жарыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ал мәдениет пен өнерге қызығушылық танытқан жастар үшін шығармашылық қабілетін шыңдайтын түрлі мәдени жобалар ұйымдастырылуда. Мұның барлығы жастарды қолдау тек мерекелік шаралармен шектелмейтінін көрсетеді. Басты мақсат – жас ұрпақтың сапалы білім алып, еңбек етіп, өз кәсібін ашып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына қажетті мүмкіндіктер қалыптастыру. Өз кезегінде, «Jastar Fest-2026» кеші осы бағыттағы жұмыстардың бір көрінісі болды.