
Шаһар басшысы Қ.Сәтбаев көшесі мен «Ұлы дала» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларымен танысып, санитарлық тазалығын тексерді.
Аралау барысында қала әкімі тазалық мәселесі тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, тұрғындардың да ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті.
Шаһар басшысының айтуынша әрбір тұрғын өзі тұратын үйдің ауласына, қоршаған ортасына жанашырлықпен қарап, қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтауға атсалысуы қажет. Осы бойынша аудан әкімдігіне халық арасында санитарлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Бұдан кейін қала әкімі қоқыс алаңдарының жағдайымен де танысты. Кейбір орындарда тұрмыстық қалдықтардың уақытылы тазаланбауы салдарынан тазалық талаптарының сақталмай отырғанын сынға алған Бақытжан Әмірбекұлы жауапты мекемелерге қоқысты күнделікті әрі белгіленген кестеге сәйкес шығарып отыруды тапсырды.
Сонымен қатар қоқыс алаңдарының айналасын таза ұстау және олардың санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап айтты.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Ұлы дала» шағын ауданында жүргізілген көгалдандыру жұмыстарын көріп шықты. Мұнда отырғызылған жас көшеттердің жай-күйімен танысқан қала әкімі ағаш отырғызумен ғана шектелмей, оларды күтіп-баптау жұмыстарының да сапалы ұйымдастырылуы аса маңызды екенін жеткізді.
Сондай-ақ, шаһар басшысы «Түйте» каналын да көрді. Еске сала кетейік, осыдан бірер жыл бұрын канал аумағында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жағалауы толықтай жаңартылған болатын. Соның нәтижесінде каналаумағы бүгінде тұрғындардың серуендеп, демалатын көрікті орындарының біріне айналды.
Қала әкімі өз кезегінде жауапты мекемелерге канал бойындағы тазалықты тұрақты қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды дер кезінде шығару, жасыл желекті күтіп-баптау және аумақтың санитарлық жағдайын үздіксіз бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар Бақытжан Орынбеков Абай даңғылындағы №170 үйге үйге арнайы барып, тұрғындармен жүздесті. Кездесу барысында қала әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оларды өз аулаларының тазалығын сақтауға, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарап, ортақ іске белсенді қатысуға шақырды.