
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков «Этноауыл» кешенінің құрылысын көрді.
Аталған жоба «Достастық жәрмеңкесі» аясында жүзеге асырылып отыр.
Қазіргі таңда Тәуке хан көшесі бойында заманауи талаптарға сай әрі ұлттық нақышты үйлестіретін мәдени-демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Жаңа кешен құрамында туристердің қызығушылығын арттыратын цитадель үлгісіндегі нысан, әкімшілік ғимарат, сауда павильондары, ұлттық қолөнер мен кәдесый өнімдерін ұсынатын дүкендер орналасады.
Сонымен қатар аумақта көлеңкелі демалыс орындары, серуендеу алаңдары, жеңіл тамақтану орталықтары мен абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер қарастырылған.
«Этноауыл» кешені қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын дәріптейтін ерекше орынға айналады деп күтілуде. Мұнда ұлттық дәстүрлерді насихаттайтын түрлі мәдени іс-шаралар, көрмелер мен мерекелік бағдарламаларды өткізуге мүмкіндік жасалады.
Қала әкімі нысанның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты сала басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстап, абаттандыру жұмыстарын кешенді түрде жүргізуді тапсырды.