
Бүгін Тараздағы «Ұлы дала» шағын ауданында 196 пәтер пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова және шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, қоныстой иелерінің қуанышына ортақтасты.
Ең алдымен Ербол Шырақпайұлы ізгі тілегін білдіріп, пәтер кілттерін табыстады.
Аймақ басшысы өз сөзінде жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы облыс көлемінде жалпы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған Ляззат Еркенқызы халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді.
Ерекше атап өтерлігі, бұл пәтерлердің барлығы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға әлеуметтік осал топтар санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға табысталды.
Жалпы, биыл Тараз қаласында 61 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Оның ішінде 30 үйді ағымдағы жылдың соңына дейін ел игілігіне беру көзделіп отыр.