Тараздың сәулеттік келбетін жақсарту жөнінде кеңес өтті

Тараздың сәулеттік келбетін жақсарту жөнінде кеңес өтті

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың төрағалығымен қаланың сәулеттік келбетін жақсарту және бірыңғай сәулеттік тұжырымдаманы қалыптастыру мәселелеріне арналған кеңес отырысы өтті.

Жиын барысында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әлібек Аманбай Тараз қаласының сәулеттік келбетін жүйелеуге бағытталған жұмыстар туралы баяндама жасап, әзірленіп жатқан қалалық дизайн кодының негізгі бағыттарына тоқталды.

Кездесуде Мемлекет басшысының урбанистика саласын дамыту, қалалардың сәулеттік келбетін жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

Жобаның негізгі мақсаты – Тараздың бай тарихи мұрасын сақтай отырып, заманауи талаптарға сай әрі үйлесімді сәулеттік келбет қалыптастыру. Құжат аясында ғимараттардың сыртқы келбеті, көше жиһаздары, аялдама павильондары, жарықтандыру элементтері, навигациялық жүйелер, сыртқы жарнама және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша бірыңғай талаптар енгізу көзделуде.

Сондай-ақ, кеңес барысында қаланың тарихи бөліктері мен жаңа тұрғын аудандарын дамыту кезінде сәулеттік ерекшеліктерді сақтау, жасыл аймақтарды көбейту және қоғамдық орындардың тартымдылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аталған жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру және үйлестіру мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен бөлім басшылары мен жауапты мекеме өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы ұсыныстарды жинақтап, жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру жұмыстарын үйлестіретін болады.

Айта кетейік, әзірленіп жатқан құжат алдағы жылдары Тараз қаласының сәулеттік және урбанистикалық дамуының негізгі бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжаттардың бірі болмақ.