
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.
Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе жұмыспен қамту шаралары мен әлеуметтік қамсыздандыру бағытына арналды. Бұл жөнінде қала әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Райкүл Талқанбаева баяндама жасады.
Биыл Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында жалпы 11 794 жұмыс орнын құру жоспарланған. Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 4 451 жұмыс орны құрылып, жоспардың орындалуы 37,1 пайызды құраған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 2 297 жұмыс орнын ашу көзделсе, есепті кезеңде оның 1 192-сі құрылып, жоспар 46,6 пайызға орындалған.
Сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 3 571 адам қатысып, жылдық жоспардың орындалуы қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 1 956 азамат жұмысқа орналастырылған. Бұл жоспардың 26,9 пайызын құрайды.
Райкүл Қаланқызы өз сөзінде жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде қаладағы бірқатар мекемелерде міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы төленбеуі және еңбек шарттарының жасалмауына қатысты мәселелер анықталғанын жеткізді. Осыған байланысты шаһар басшысы жауапты тұлғалардың жұмысын сынға алып, еңбек заңнамасының талаптарын сақтау және анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.