
Полицейлерге 88 қызметтік көліктің кілті тапсырылды
Жамбыл облысында құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық Полиция департаментіне 88 жаңа қызметтік автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Жаңа техникалардың қатарында патрульдік полиция қызметіне арналған 60 Skoda автокөлігі, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға арналған 10 автокөлік, эвакуаторлар және аудандық полиция бөлімдеріне арналған автобустар бар.
Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полиция қызметкерлерінің еңбегіне ерекше тоқталып, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ полиция қызметкерлерін қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету және олардың жұмысына қолайлы жағдай жасау әрдайым басты назарда екенін жеткізді.
Жаңа автокөліктер полиция қызметкерлерінің жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын тиімді жүргізуге ықпал етеді.
Іс-шара барысында Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді. Бұл бастамалар полиция қызметінің тиімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де оң әсерін тигізеді.