
Бүгін «Жасыл ел – Тараз» мекемесіне заманауи арнайы шаңсорғыш техникасы табысталды. «Dongfeng Motor Corporation» жүк көлігі базасының вакуумдық сыпыру-тазалау машинасы қала тазалығын жақсарту мақсатында «Казахдорстрой» компаниясының демеушілігімен беріліп отыр.
Техниканы салтанатты табыстау рәсіміне қала әкімі Бақытжан Орынбеков пен аталмыш компания өкілі Арман Байкадамов қатысты. Шаһар басшысы өз сөзінде тұрғындарға жайлы әрі таза орта қалыптастыру басты міндеттердің бір екенін, ал арнайы техникалардың көбеюі осы бағыттағы жұмыстардың сапасы мен тиімділігін арттыратынын айрықша атап өтті.
Айта кетерлігі, бұл техника бір мезетте 100-ге жуық адамның жұмысын атқара алады. Бұл өз кезегінде көшелерді тазалау сапасын арттырып қана қоймай, уақыт пен еңбек шығынын азайтуға да мүмкіндік береді.
Жаңа техника көшелерді, автомобиль жолдарын, автотұрақтарды және құрылыс алаңдарын тазалауға арналған. Машинаның жұмыс істеу жүйесі толықтай автоматтандырылған. Мәселен, бүйірлік щеткалар жол жиегіндегі қоқыстарды орта бөлікке қарай ысырып жинаса, қуатты вакуумдық жүйе оны арнайы бункерге сорып алады. Бұл тәсіл көшедегі ұсақ шаң-тозаң мен қоқысты тиімді тазартуға септігін тигізеді.
«Казахдорстрой» компаниясы жыл соңына дейін тура осындай тағы бір техниканы тарту етуді жоспарлап отыр.
Жалпы, ағымдағы жылы «Жасыл ел – Тараз» мекемесіне 80 техника сатып алу көзделуде. Бұл жұмыстар коммуналдық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтып, шаһардың тазалығы мен көркін сақтау бағытындағы мүмкіндіктерді кеңейте түсері сөзсіз.