
Шаһар басшысы қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы маңызды нысандардың бірі — «М-3» жылу желісіндегі құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда мұнда құрылыс қарқынды жүргізіліп, мамандар жылу магистралін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарын атқарып жатыр.
2025 жылы аталған магистралдің Жамбыл даңғылы бойындағы Төле би даңғылы мен Әйтеке би көшесінің аралығында орналасқан 650 метр бөлігі толық ауыстырылған болатын. Осының нәтижесінде жылу желісінің тозған учаскелері жаңартылып, апаттық жағдайлардың алдын алуға септігін тигізді.
Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табуда. Жоба аясында тек магистральдық желілер ғана емес, сонымен бірге «Самал» және «Алатау» мөлтек аудандарындағы ішкі кварталдық жылу жүйелері де қайта жаңғыртудан өтеді. Бұл аталған аумақтардағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтуға, жүйедегі энергия шығынын азайтуға және желілердің техникалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуы басты назарда екенін атап өтіп, жауапты сала мамандарына жұмыстарды белгіленген кестеге сай әрі сапалы жүргізуді тапсырды.
Жалпы, жылу желілерін жаңалау мақсатында 7 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім берілген. Бұл жобалардың барлығы толық іске асырылған жағдайда, жылу желілерінің тозу деңгейі 66,4 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.