Аппараттық кеңес: Аудандардың алдағы жоспарлары мен міндеттері айқындалды

Аппараттық кеңес: Аудандардың алдағы жоспарлары мен міндеттері айқындалды

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиында ең алдымен ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалды.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың айтуынша, есепті мерзімде межеленген 4 көрсеткіш орындалған. Оның ішінде, негізгі капиталға салынған инвестициялар, пайдалануға берілген тұрғын үй, құрылыс жұмыстарының, ауыл шаруашылығы және бөлшек сауда тауар айналымының жалпы көлемі артты.

Келесі кезекте күн тәртібінде Әулиеата және Жібек жолы аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар мен проблемалық мәселелер жан-жақты қаралды.

Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төрехановтың мәліметінше, аумақтағы көшелерді зерделеу нәтижесінде биыл асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін жоспар бекітілді. Соған сәйкес, жалпы саны 48 көшені орташа жөндеуден өткізіп, «Бектөбе» мен «Қызылшарық» алқаптарындағы Асылтас көшесі, «Ұлы дала» шағын ауданындағы аулаішілік және Ш.Жандарбеков көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлануда. Бұған қосымша, Көшеней, Сеңкібай, Сыпатай батыр, 6-бұрылыс Көшеней, Сухамбаев көшелері және №23 мектеп маңына жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, аудан аумағында 2 700 дана жол белгісін сызу, 33 автобус аялдамасын орнату, 12 көшеде ауыз су құбырларын ауыстыру көзделген.

Жібек жолы ауданында да шешімін күткен мәселелер аз емес. Аудан басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, ағымдағы жылы 14 спорт алаңшасын жаңғырту, жаңа 39 аялдама орнату, ұзындығы 22,898 шақырым болатын 35 көшені жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылмақ. Бұл бағытта ең алдымен шалғай алқаптарға басымдық беріледі. Сонымен қатар ауыз сумен қамту, жолдарды жөндеу бойынша да нақты жоспарлар бекітілген.

Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде межеленген міндеттерді жүйелі орындауда аудан әкімдеріне зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті.

Кеңес қорытындысында аудан басшыларына көшелердің тазалығын ұдайы қамтамасыз ету әрі бұған кәсіпкерлік нысандардың иелерін жұмылдыру, жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.