Дорожник массивіндегі электр энергиясына қатысты мәселе тұрғындармен талқыланды

Дорожник массивіндегі электр энергиясына қатысты мәселе тұрғындармен талқыланды

Жібек жолы ауданына қарасты Дорожник тұрғын алабының тұрғындарымен электр энергиясының өшірілу себептері бойынша кездесу өтті. Жиынға жауапты сала өкілдері қатысып, қалыптасқан жағдай жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында электр желілерін пайдалануға байланысты жүргізілген тексеру нәтижелері айтылды. Атап айтқанда, электр энергиясын тұтыну көлемінің артуы және желілердің тозуына байланысты шығындар есепке алынып, төлем мөлшеріне өзгерістер енгізілгені белгілі болды. Алайда тұрғындар аталған өзгерістермен келіспей, бұрынғы төлем жүйесі бойынша есеп айырысуды жалғастырған. Нәтижесінде қарыз көлемі жинақталып, электр энергиясы уақытша ажыратылған.

Тұрғындар өздері нақты пайдаланған электр энергиясы үшін төлем жасауға дайын екендерін білдіріп, қосымша шығындарды қайта қарауды талап етуде.

Алдағы уақытта тиісті мекемелер тарапынан электр есептегіш құралдарына және желідегі шығындарға толық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нақты көрсеткіштер анықталатын болады. Зерделеу қорытындысы негізінде тиісті шешімдер қабылданады.

Қазіргі таңда жағдай тұрақты.