
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс 39-сессиясына қатысты.
Жиында ең алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және 15 наурыз күні өткен республикалық референдумды ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін бірқатар депутаттарға арнайы марапаттар табысталды.
Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе - «2026-2028 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №35-3 шешіміне өзгерістер енгізу бойынша қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев баяндама жасады.
Келесі кезекте 2026-2027 жылдарға арналған «Тараз-қауіпсіз қала» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары талқыланды.
Аталған жоба аясында жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту, жастармен жүргізілетін жұмыстарды күшейту, есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық іс-шаралар жүргізу, қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылықтарды төмендету, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүйелі заңбұзушылықтарды шешу секілді негізгі бағыттар айқындалған.
Сонымен қатар, сессияда өзге де маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Депутаттар өз кезегінде әрбір мәселе бойынша жауапты сала басшыларына сауалдар қойып, нақты жауаптар алды.