
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы мәселелер көтерілді.
Атап айтсақ, шаһар тұрғыны Бибіжар Назымбекова өзіне тиесілі жер теліміне қатысты түйткілдерді айтып, заң аясында шешу жолдарын сұрады. Сол сияқты Азатбек Жеткеров, Дариға Сарсенова және Сәуле Даутовалар да жерге байланысты өтініштерін жеткізді.
Сондай-ақ, қабылдауға келген Шабденбек Тулебаев, Анар Досымбекова, Наргиза Бердиева және Балжан Досмахановалар баспанаға қатысты түрлі қиындықтарды алға тартты. Олардың қатарында тұрғын үй кезегі, баспанамен қамту, құжат рәсімдеу және тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселелері бар.
Қала инфрақұрылымы мен коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелер де ортаға салынды. Мәселен, тұрғын Алишер Абдуллин «Бектөбе» алқабындағы көкпар алаңының жағдайы мен егін суару жүйесінің тозығы жеткенін айтып, оны жөндеуді сұрады. Ал, Қарлығаш Байжанова балалар ойын алаңының ескіргенін жеткізіп, жаңарту қажеттігін атап өтті. Ал, Кенжекүл Тукпетова жол бойына бағдаршам орнату, қоғамдық көлік бағыттарын кеңейту, жаяу жүргіншілер өткелін, балалар және спорт алаңдарын салу, көшелерді асфальттау және жарықтандыру жұмыстарын жүргізуді өтінді.
Сонымен қатар өзге тұрғындар бизнес ашуға көмек көрсету, ағаштарды заңсыз кескендерге шара қолдану, тұрғын үй маңында автотұраққа рұқсат беру, №37 қоғамдық көлік маршрутын Самал, Сұлусаз көшелерімен жүргізу секілді өзекті жайттарды алға тартып, нақты жауаптар алды.
Қабылдау қорытындысында шаһар басшысы жауапты тұлғаларға көтерілген түйткілдерді жан-жақты зерделеп, кезек күттірмейтін өтініш-тілектер бойынша тиісті шешімдер қабылдауды тапсырды.