
Аталмыш акция аясында «Қызылабад» алқабында 10 мың түп ағаш егілді. Жасыл желек отырғызу жұмыстары арнайы белгіленген аумақтарда жүйелі түрде жүргізіліп, қала келбетін көркейтуге серпін берді.
Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, көпшілікпен бірге тал отырғызды. Сонымен қатар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары да айрықша атсалысып, бірлік пен жанашырлықтың үлгісін көрсетті.
Жалпы, биыл қала аумағында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Атап айтқанда, «Қызылабад» алқабында «Жасыл белдеу» жобасы шеңберінде 20 мың түп қарағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Оның 10 мыңы көктем мезгілінде егілсе, қалған бөлігі күз айларында жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, шаһар көшелері мен шағын аудандарында 8 мың дана бірінші санаттағы жабық тамырлы жапырақты және қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу көзделуде.
Сонымен қатар, жалпы ауданы 10 500 шаршы метр гүлзарға және 669 қазандыққа жаздық гүлдер отырғызылады. Оның ішінде «Ұлы Дала» (15) шағын ауданы мен «Барысхан» алқабында 5 мың дана көпжылдық раушан гүлін егу жоспарланған.