Таразда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2000-нан астам тал егілді

Таразда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2000-нан астам тал егілді

Таразда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тал егу сенбілігі өтті.

Іс-шара барысында шаһар аумағында жалпы саны 2 мың түп ағаш отырғызылып, оның 1500-і «Бәйтерек» шағын ауданына егілді. Жасыл желек отырғызу жұмыстары арнайы белгіленген аумақтарда жүйелі түрде жүргізіліп, қала келбетін көркейтуге серпін берді.

Сенбілікке Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, көпшілікпен бірге тал отырғызды. Сонымен қатар, шараға мәслихат депутаттары, ардагерлер, жастар мен қала тұрғындары да белсенді атсалысып, бірлік пен жанашырлықтың үлгісін көрсетті.

Айта кетейік, «Бәйтерек» шағын ауданында алдағы уақытта заманауи демалыс сквері салынбақ.

Сквер жобасында балаларға арналған ойын алаңшалары, спорттық аймақтар және тұрғындардың тынығуына қолайлы орындар қарастырылған. Сонымен қатар, аумақ толықтай көгалдандырылып, халық үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылады.

Жалпы, биыл қала аумағында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілмек. Атап айтқанда, «Қызылабад» алқабында «Жасыл белдеу» жобасы шеңберінде 20 мың түп қарағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Оның 10 мыңы көктем мезгілінде егілсе, қалған бөлігі күз айларында жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ, шаһар көшелері мен шағын аудандарында 8 мың дана бірінші санаттағы жабық тамырлы жапырақты және қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу көзделуде.

Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Тараз қаласы жасыл желекке бөленіп, экологиялық тұрғыдан таза әрі көрікті шаһарға айнала түспек.