Қала әкімі №54 мектеп құрылысы мен балалар алаңшасының жұмысын көрді

Қала әкімі №54 мектеп құрылысы мен балалар алаңшасының жұмысын көрді

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков №54 орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 1200 оқушыға арналған білім ордасының қазіргі таңда шатыры ауыстырылып, сыртқы қабырғаларды кірпішпен қаптау және жаңа терезелер орнату жұмыстары жалғасуда.

Шаһар басшысы мердігер мекемеге құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, сапа талаптарын қатаң сақтауды, әсіресе жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, инженерлік жүйелердің (жылу, су, электр) толық тексеріліп, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілуін бақылауға алуды жүктеді.

Нысанды ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұдан кейін шаһар басшысы Қ.Сәтбаев көшесі, №25 тұрғын үйдің маңындағы балалар ойын алаңшасының құрылысын көрді. Онда мердігер мекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімі, алаңшаның қауіпсіздігі мен заманауи талаптарға сәйкестігі басты назарға алынды.

Сонымен қатар, қала әкімі аталған үйдің тұрғындарымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындар өз кезегінде аула инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы бастамаларға ризашылықтарын білдіріп, бірқатар өзекті мәселелерді де көтерді.