
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Ең алдымен шаһар басшысы "Жалпақтөбе" алқабындағы №27 орта мектепке барды. Қазіргі таңда онда 600 орынды жапсарлас ғимараттың құрылысы жүруде. Білім ордасында мердігер «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС қазаншұңқыр қазу, қабырғаларын көтеру және шеберхананың кірпішін қалау жұмыстарын аяқтаған. Бұдан бөлек, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, ауланы абаттандыру, жылу, су, кәріз, байланыс желілерін жүргізу, есік-терезелерін безендіру, қабырғаларды күшейту, сырлау және қасбетін орнату жұмыстары қарастырылған.
Келесі кезекте қала әкімі «Сұлутөр» алқабындағы кітапхананың ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Өткен жылы Жамбыл ауданынан қала аумағына қосылған бұл алқаптың бұрынғы әкімдік ғимараты кітапхана ретінде қайта жабдықталып, жаңғыртудан өтуде. Құрылыс сапасын жіті тексерген шаһар басшысы мердігерге бірқатар сын-ескертпе айтты.
Содан соң Бақытжан Әмірбекұлы А.Байтұрсынов және Ғ.Лукманов көшелерінің қиылысында салынып жатқан балалар ойын алаңшасымен танысты. Алаңша аумағын аралау барысында қала әкімі мердігер ұйым өкілдерімен және тұрғындармен тілдесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударды. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мұндай нысандардың тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өткен шаһар басшысы алаңшалардың қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуі керектігін қадап айтты. Сондай-ақ қала әкімі бұған дейін пайдалануға берілген ойын алаңшаларының жағдайын да ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді. Әсіресе, олардың тазалығы мен күтімі жүйелі түрде жүргізіліп, сынған немесе тозған жабдықтар дер кезінде жөнделуге тиіс екенін ескертті.
Шаһар басшысы әрі қарай Абай даңғылында бой көтеріп жатқан көпірге аялдады. Теміржол үстінен өтетін көпірдің ұзындығы 1 шақырымға жуық. Жол өткелі қала орталығын теміржол желісінің арғы бөлігінде орналасқан тұрғын алқаптармен байланыстырып, облыс орталығының транзиттік көлік қозғалысын жеңілдетеді. Ауқымды инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру облыс орталығындағы логистиканы жақсартуға, көлік қозғалысының тиімділігін арттыруға және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылысы былтыр басталған нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Бақытжан Орынбеков «Аса» шағын ауданындағы №10 тұрғын үйдің маңында орналасқан ойын және шағын футбол алаңшасының сапасын тексерді. Нысанды аралау барысында қала басшысы орнатылған ойын құрылғыларының беріктігіне, алаң жабынының сапасына және қауіпсіздік талаптарының сақталуына айрықша назар аударды. Шаһар басшысы өз сөзінде балалар мен жасөспірімдердің еркін ойнап, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Тұрғындар да өз кезегінде қала әкіміне ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Аталған алаңшалар «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынған. Бұл жоба – тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, қала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Яғни, жергілікті халық өздеріне қажетті нысандарды ұсынып, олардың жүзеге асуына тікелей атсалысады.
Сонымен қатар қала әкімі «Бектөбе» алқабындағы мәдениет үйінің жағдайымен де танысты. Нысанды аралау барысында шаһар басшысы ғимараттың қазіргі ахуалына көңіл бөлді. Биыл аталған мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимаратты заман талабына сай жаңғырту жоспарланып отыр. Сондай-ақ ғимаратты қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, абаттандыру мәселелері де назардан тыс қалмайды.
Бақытжан Әмірбекұлы «Отбасын қолдау орталығы» ғимаратының жөндеу жұмыстарын да көрді. Қазір «Қаратау» шағын ауданы, №39 «А» мекенжайында орналасқан ғимарат толықтай жаңғыртылып, жаңа кейіпке енуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл нысан Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ретінде пайдалануға берілмек.
Қала әкімі орталықтың қызметі тұрғындар үшін барынша қолжетімді әрі тиімді болуға тиіс екенін атап өтіп, мұнда келушілерге барлық жағдай жасалуы керектігін жеткізді. Сонымен қатар ғимараттың ішкі инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жабдықтау, қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.