
Бүгін Таразда Ұлыстың ұлы күніне орай игі шара бастау алып, 500-ге жуық тал егілді.
Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында қала тұрғындары мен түрлі мекеме қызметкерлері қоршаған ортаны көркейтуге белсене атсалысты.
Жалпы «Жасыл белдеу» жобасымен 20 мың дана қарағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Оның 10 мың данасы сәуір айында, қалған 10 мың данасы қазан–қараша айларында егіледі.
Сондай-ақ, қала аумағын көркейту мақсатында жалпы ауданы 10 500 шаршы метр гүлзарларға және 669 қазандыққа жаздық гүлдер отырғызу және «Ұлы Дала» шағын ауданы мен «Барысхан» алқабында 5 мың дана көпжылдық раушан гүлін отырғызу жоспарланған.
Бұл шаралар қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, жасыл желекті көбейту арқылы Тараздың көркіне көрік қосады.