Әулиеата ауданында ұлыс күні кең көлемінде тойланды

Әулиеата ауданында ұлыс күні кең көлемінде тойланды

Көктемнің шұғылалы шуағымен бірге келген Әз Наурыз мейрамы Әулиеата ауданында кең көлемде аталып өтті. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтаған мерекелік шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысып, қуанышқа ортақтасты.

Қазақ хандығы монументінің алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақи нақыштағы сән-салтанат ерекше үйлесім тапты. Ұлттық рухты асқақтатқан думанды шарада арқан тартыс, садақ ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсіресе, салт-дәстүрлердің көрінісі мен батагөйлер жарысы көпшіліктің ықыласына бөленіп, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісіне айналды.

Береке мен бірліктің бастауы болған әз Наурыз мерекесі Әулиеата жұртшылығын тағы бір мәрте татулық пен ынтымаққа ұйыстырып, ұлттық құндылықтардың мәңгілік екенін айшықтай түсті.