Референдумды жоғары деңгейде өткізу – баршаға ортақ жауапкершілік

Референдумды жоғары деңгейде өткізу – баршаға ортақ жауапкершілік

Қала әкімдігінде республикалық референдумға дайындық бойынша арнайы кеңес өтті. Жиынға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Ең әуелі Нұржан Сәбитұлы саяси науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыру – баршаға ортақ жауапкершілік екенін жеткізді.

Кеңес барысында қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова референдумға әзірлік барысына кеңінен тоқталды.

Бүгінде шаһарда референдумға қатысу құқығы бар азаматтар саны - 290 789 немесе халықтың 60 пайызын құрайды. Қала аумағында 154 референдум учаскесі орналасқан.

Қазіргі таңда учаскелерге 22 электр генераторы, 9 пандус қойылып, 28 тактильді жолақ жасалынды. Сондай-ақ «Қазақтелеком» мекемесі тарапынан 39 учаскеге телефон, 32 учаскеге интернет байланысы жүргізілді.

Қалада мүгедектігі бар адамдардың саны – 14 284. Оның 863-і ерекше қажеттіліктері бар азаматтар. Олардың 351-і үйде, 512-і учаскелерде дауыс береді деп күтілуде. Референдум күні 12 инватакси қызмет көрсетіп, 26 сурдоаудармашы көмек береді. Учаскелер пандустар, тактильді жолақтар, арнайы бұрыштар және ерекше жандарға арналған кабиналармен толықтай жабдықталған.

Сонымен қатар дауыс беруге құқығы бар азаматтарды тасымалдауға арналған 87 автобус бекітілген. Сондай-ақ төтенше жағдайлар басқармасы мен 5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері барлық учаскелерде кезекшілікте болады. Өрт сөндіру бөлімдері де күшейтілген режимде жұмыс атқарады.

Келесі кезекте маңызды науқанға дайындық аясында Әулиеата, Жібек жолы аудандары мен әкімдікке қарасты бөлімдер, құқық қорғау органдары тарапынан атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.

Кеңес соңында референдумға дайындық барысын тағы да пысықтау, қоғамдық-саяси ахуалды жіті назарда ұстау және тұрғындардың саяси науқанға белсенді қатысуына жағдай жасау жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.