Республикалық референдумға дайындық мәселелері қаралды

Республикалық референдумға дайындық мәселелері қаралды

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен республикалық референдумға дайындық бойынша штаб отырысы өтті.

Ең әуелі шаһар басшысы бұл саяси науқанның ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, референдум – халықтың өз еркін тікелей білдіретін басты демократиялық тетік екенін жеткізді.
– Алдағы референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыру – баршамызға жүктелген жауапты міндет. Біздің басты мақсатымыз – қала аумағында саяси науқанды заң талаптарына толық сәйкес, әділ, ашық әрі ұйымдасқан түрде өткізу. Әрбір учаске қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, дауыс беру үдерісі қауіпсіз әрі қолжетімді болуға тиіс. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру басты назарда болады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Келесі кезекте қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Уалихан Байдуанов саяси науқанға әзірлік жұмыстарының барысы жайлы баяндады.

Қазіргі таңда шаһар аумағында 154 референдум учаскесі бар. Оның 61-і Жібек жолы, 93-і Әулиеата ауданында орналасқан. Учаскелердің барлығы референдумды өткізуге қажетті жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген.

Дауыс беру күні тұрғылықты жері бойынша азаматтардың тіркелуін тексеру және тіркеуі жоқ азаматтарды уақытша тіркеуге қою мақсатында қала бойынша 5 орын белгіленіп, тиісті компьютерлік техникалармен, веб-камералармен жабдықталып, интернет жүйесіне қосылды.

Республикалық референдумды өткізу кезеңінде 1 226 комиссия мүшесі жұмыс атқарады. Олардың 95,3 пайызының сайлау жүйесінде тәжірибесі бар.

Тараз қаласында референдумға қатысу құқығы бар азаматтар саны қазір 290 789 адамды құрап отыр.
Азаматтарды дауыс беру орны мен уақыты туралы хабардар ету жұмыстарына көмектесу мақсатымен қала әкімдігі тарапынан учаскелерге 1 360 волонтер бекітіліп, ақпараттандыру жұмыстарына атсалысты.

Шаһар бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 863 адам тіркелген.Оларға бүгінгі күні 12 инватакси қызметі қарастырылып отыр.

Сонымен қатар Әулиеата және Жібек жолы аудандарының әкімдері Барлық Төреханов пен Қарлығаш Аралбекова кеңестің күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандардағы ахуалға тоқталды.

Жиынды қорытындылаған Бақытжан Орынбеков аудан әкімдеріне, бөлім, мекеме басшыларына және өзге де жауапты тұлғаларға шалғай аумақтардағы тұрғындардың референдум учаскелеріне еркін қатынауы үшін қоғамдық көліктерді ұйымдастыру, қауіпсіздік мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және дауыс берушілердің өз учаскелерін кедергісіз табуына жағдай туғызу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.