"Тараз – қауіпсіз қала": Жоба аясындағы жұмыстар өз жалғасын табады

"Тараз  – қауіпсіз қала": Жоба аясындағы жұмыстар өз жалғасын табады

«Тараз – қауіпсіз қала» жобасын іске асыру бойынша уәкілетті органдармен қабылданған шаралардың тиімділігі туралы мекемеаралық жиын өтті.

Жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қала прокуроры Нұржан Боранбаев пен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.

Шара барысында қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Берік Сәлемов, Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов, Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова, қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева атқарылған жұмыстарға тоқталып, ұсыныстарын жеткізді.

2025 жылы жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде ойын-сауық орындарындағы бұзақылық 24-тен 11 дерекке дейін азайса, «102» пультіне келіп түскен шақыртулар саны 2510-нан 2191-ге дейін төмендеді.

Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар арқылы қоғамдық орындардағы құқықбұзушылық – 22,8, көшелердегі құқықбұзушылық – 19,6, бұрын сотталғандар арасындағы құқықбұзушылық – 34.7, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылық – 1,4 пайызға азайды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар – 11,3, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар – 25,3 пайызға кеміді.

Алайда, жан-жақты жүргізілген кешенді шараларға қарамастан топпен жасаған қылмыстар – 20,6, ауыр дене жарақатын келтіру дерегі – 100 және түрлі алаяқтық фактілері – 128,1 пайызға артып отыр.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі заңбұзушылықтың алдын алу бағытында әлі де жүйелі шаралардың жетіспей жатқанын атап өтіп, бірқатар сала басшыларының жұмысын сынға алды.

Сонымен қатар шаһар басшысы кибербуллинг, оқу ордаларындағы әлімжеттік, рұқсат етілмеген уақыттан кейін ішімдік сататын көңіл көтеру орындарына бақылауды күшейту мәселелері туралы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.