
Тазалық – баршаға ортақ игілік. Қала ауамағында күн сайын санитарлық жұмыстар атқарылып жатқандығына қарамастан, көшеге, жол бойына құрылыс қалдықтарын, стихиялық қоқысты тастап кететін азаматтар бар. Осы бағыттағы үгіт-насихатты жүйелендіру үшін, тұрғындардың тазалық сақтауы бойынша аумақтық инспекторлар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Айталық, өткен жылы жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Тараз қаласында күл-қоқыстарды арнайы орынға тастамаған тұлғалар бойынша іс-шаралар жүргізілді. Соның нәтижесінде былтырғы жылы 1182 нысан иесінің талапқа сай тазалық сақтамағаны анықталды. Оның ішінде 1008 тұрғынға ескерту берілсе, 174 азаматқа айыппұл салынды.
Бүгінгі таңда Әулиеата және Жібек жолы аудандарында 1 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін тазалық сақтамаған 218 нысан иесі анықталса, 199 адамға ескерту берілді және 19 адамға айыппұл салынды.
Жалпы, тазалық сақтамаған тұрғындарға, нысан иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл белгіленген.