
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Тараз бен Қазақ қалалары арасында бауырластық орнады.
Осыған орай қос шаһардың басшылары арнайы Меморандумға қол қойды.
Қазақ — Әзербайжанның әсем қалаларының бірі, ол Грузия мен Армения шекарасына жақын орналасқан. Бұл шаһардың тарихы да тым тереңде. 16 ғасырдың басында Әзербайжан-Парсы билеушісі шах Исмаил мен Мұхаммед Шайбани хан арасында соғыс болған. Ал Мұхаммед Шайбани қазақ ханы Қасымның бөлеcі болғандықтан Қасым хан оған көмекке жасақ жіберген. Шайқаста тұтқынға түскен қазақ жауынгерлерін шах Исмаил Кавказға қоныстандырған. Сол кезден бастап қазақ батырлары орын тепкен бұл өңір «Қазақ» деп аталып кеткен.
Бүгінде Әзербайжанның солтүстік-батысында Қазақ ауданы мен Қазақ қаласы бар. Қазақ ауданы — Әзербайжанда құрт әзірленетін жалғыз аймақ. Сондай-ақ, мұндағы тұрғындар жылқыны ерекше жақсы көреді және өздерінің ақындарын да жоғары құрметтейді.