Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өзіне әлеуметтік желіде хат жазған №40 мектеп-гимназиясының оқушысы Самвел Мусалеян, анасы Мария Катанди және сынып жетекшісі Дана Салмовамен арнайы кездесті.
Жүздесу барысында қала әкімі жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, серуен құруы үшін қолға алынған жобаларды таныстырып, мамандық таңдау, шаһарды көркейту бойынша ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ, Самвелге қала әкімінің Алғыс хатын табыстап, Абай Құнанбайұлының үш тілге аударылған шығармалар жинағын сыйға тартты.
Самвел де өз кезегінде шаһар басшысына ризашылығын жеткізіп, алғысын білдірді.
Еске сала кетсек, осыдан бірер күн бұрын шаһарымыздың 12 жасар тұрғыны қала әкіміне әлеуметтік желі арқылы хат жазған болатын. Ол өз хатында қалада веложолдың және скейт алаңның жоқтығын айтып, өтінішін білдірген еді.