Қала әкімі депутаттар алдында есеп берді

Қала әкімі депутаттар алдында есеп берді

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың кезекті 32-сессиясына қатысты.

Жиын барысында шаһар басшысы Тараз қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің іске асырылуы жөнінде депутаттар алдында есеп берді. Сондай-ақ, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде 8 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Биыл жыл басынан бері Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Оның ішінде өнеркәсіп өнімі көлемі 18,2, инвестиция көлемі 31,4, құрылыс жұмыстарының көлемі 34,3, ауыл шаруашылығы өнімі 2,3 есеге өсті. Ал бөлшек сауда 100,7, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 100,8 пайызды құрады.

Жыл басынан бері 9,9 миллиард теңгеге 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылса, жыл соңына дейін тағы 9,7 миллиард теңгеге 7 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалардың аясында 324 жаңа жұмыс орындары құрылады.

Соңғы 3 жылда қала бойынша салықтық түсімдер 211,8, ал, салықтық емес түсімдер 201,8 пайызға артып отыр.

Ағымдағы жылы шаһар аумағында бюджет есебінен 60 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынса, биыл 260 пәтер алуға 3,8 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесі кезең кезеңімен шемінін табуда. Биыл көпқабатты 73 үйді күрделі жөндеу үшін Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылды.

Сонымен қатар биыл 85 көшеге жарық шамдары орнатылуда. Оның ішінде, 30 көшедегі жұмыстар биыл аяқталса, 55 көшенің жұмыстары 2026 жылға өтпелі. Сондай-ақ биыл 61,4 шақырымды құрайтын 108 көше орташа жөндеуден өтуде. Бұған қоса ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 20 саяжайдағы 104 көшеге шағал төселді.

Аулаларды абаттандыру, қоғамдық көліктердің қызмет сапасын арттыру, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту, қаланы көгалдандыру және өзге де салалар бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Депутаттар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.

 Сессияда шаһардағы нысандарды жылу беру маусымына дайындау, қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс істеу жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі, қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы «Тараз қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру туралы» №11-4, «Тараз қалалық мәслихаты аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» 2023 жылғы 15 қыркүйектегі №7-7, «Тараз қаласы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-4, «Тараз қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-6 шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы мәселелер де жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.