Кәсіпорындардың жылыту маусымына дайындығы тексерілді

Кәсіпорындардың жылыту маусымына дайындығы тексерілді

Тараз қаласы әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Нұрсұлтан Исабеков қалалық мәслихаттың депутаттарымен бірге шаһар аумағындағы нысандардың 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.

Ең әуелі Нұрсұлтан Арқабайұлы «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» АҚ-ның жылыту маусымына әзірлігімен танысты. Мекеме бүгінгі таңда, №1, 2, 3 бу қазандарын және №1, 2 дренаждық сорғыларды ағымды жөндеу жұмыстарын аяқтаған. Сондай ақ, мұнда резервтік мазут қоры жеткілікті. Кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығы 100 пайызды құрайды.

Бұдан кейін зерделеу тобы Қылышбай ақын көшесі, №51, «Ақбұлақ» шағын ауданы, №2 және «Қарасу» алабы, №7 тұрғын үйлерге барды. Қазіргі таңда аталған үйлер жаңғыртудан өтуде. Жобаға сәйкес үйлердің қасбеттерін жөндеу, шатырларын ауыстыру, жертөлелерін жаңғырту және жылу желілерін жаңалау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы, жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорынар және қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі мамандары тарапынан зерделеу нәтижесінде ішкі жылу жүйелерінде жөндеу жұмыстарын қажет ететін 114 көппәтерлі тұрғын үй анықталған болатын. Осыған байланысты, тұрғын үйлердің тұрғындарымен жиналыстар ұйымдастырылып, тиісті нұсқамалар (предписание) берілді. Жөндеу жұмыстары алдағы жылыту маусымы басталғанға дейін толығымен аяқталады деп жоспарлануда.