Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.
Ең әуелі қала әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков шаһарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Бүгінде қалада 48 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Қазірге дейін 7 кредиттік және 1 арендалық тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға қабылданса, «Шапағат» (16) шағынауданындағы 4 тұрғын үйде құрылыс-монтаждау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Нысандарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар «Шөлдала» алқабындағы 600 орынды жайлы мектептің сыртқы инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстарының құрылысы ағымдағы жылдың 13 тамызында басталған. Енді осы жұмыстарды биылғы жылдың қыркүйек айының ортасына дейін тәмамдау көзделіп отыр.
Бұған қоса «М-1» жылу магистралінің 1 536, «М-3» жылу магистралінің 650 және «Ұлы дала» (15) шағынауданы аумағындағы жылу магистралінің 518 метр бөлігін ауыстыру жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, аталмыш шағынаудан аумағында қосымша 565 метр жылу құбыры кеңейтіліп жатыр.
Кеңесте бұдан бөлек, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен Тараз қаласы бюджетінің болжамды орындалуы, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы және 8 айдың болжамды көрсеткіштері, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы, ҚР Конституциясы күні мерекесіне дайындық жұмыстары, ұлттық жобалардың іске асырылуы, қала аумағында ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу, индустриялды аймақтың аумағын кеңейту секілді өзекті мәселелер жан-жақты қаралды.
Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтау қажеттігін атап өтіп, күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.