Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көпбалалы аналарға «Алтын» және «Күміс» алқаларды табыстау рәсіміне қатысты.
Ең әуелі шаһар басшысы ізгі тілегін білдіріп, алтын құрсақты аналарға деген құрмет азаймайтынын атап өтті.
– Егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін беріліп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 20 миллионнан асып, демографиялық өсімге қол жеткізіп келеміз. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің қоғамда әйел азаматтарының орны биік екенін көрсетеді.Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір көрінісі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша берілген 5 көпбалалы анаға «Алтын алқа», 30 анаға «Күміс алқаларын» тапсырды.
Аналар да өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Жалпы Тараз қаласы бойынша соңғы 15 жылда 2 808 алтын құрсақты ана «Алтын алқаның»,2 964 ана «Күміс алқаның» иесі атанды.