Таразда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мүгедектігі бар балаларға арналған «Балалар ертегі әлемінде» атты іс-шара өтті.
27 мамыр «Балалар үні» күнінде Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен мүгедектігі бар балаларға арналған «Балалар ертегі әлемінде» кешінде ата-аналарға арналған «Құқықтық алаң» ұйымдастырылды. Ата-аналар мамандардан кеңес алды. Сонымен қатар, Балалардың шығармашылықтарын дамыту мақсатында «Балалық шақ елінде» атты көркем суреттер байқауы ұйымдастырылды.
Мүгедектігі бар балалардың әлеуметтік ортаға бейімдеу және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Сиқыр әлемі» атты шеберлік сағаты өткізілді. Шара барысында балалар «құмыра дөңгелегі» станогында жұмыс істеуді үйреніп, саз балшықтан құмыралар, ыдыстар және гипс, сабын кесінділерінен түрлі декоративті бұйымдар жасау процесімен танысты.
Балаларға көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйлау мақсатында «Әлем ғажайыпқа толы» атты театрландырылған ойын-сауық бағдарламасы өткізілді. Ерекше форматта ұйымдастырылған бұл мерекелік іс-шара келген қонақтардың үлкен қызығушылығын туғызды.
Іс-шара «Балалық шақ мерекесі» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мерекелік сахнада ерекше балалар өз өнерлерін ортаға салып, «Nomad» тобының ән шашуымен, «Тәттілер», «Бақытты балалық шақ» әндері айтылып, сондай-ақ «Алға, Қазақстан!» флешмобы, «Шаттық» биі орындалды.
Кеште мүмкіндігі шектеулі балалар арасында бочча спорттық ойын түрінен жарыс ұйымдастырылды. Бұл ойын қатысушылардың қызығушылығын тудырып, олар өз шеберліктерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сыйлық табысталып, ынталандыру мен қолдау көрсетілді.
Аталған іс-шараға жалпы 320 мүмкіндігі шектеулі бала мен ата-аналары қамтылды.