«Көне қамал» қорғаны салтанатты түрде ашылды

«Көне қамал» қорғаны салтанатты түрде ашылды

«Көне қамал» қорғанының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен шаһар тұрғындары қатысты.

Мәдени кеште өңірімізге танымал ақындар арнау жырларын тарту етсе, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері тарихтан сыр шертетін «Айша бибі мен Қарахан» қойылымын сахналады.

Сонымен қатар, қала қолөнершілері мен зергерлерінің бұйымдары қойылған көрме қонақтар назарына ұсынылды.

Бұл нысан – «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің жалғасы. «Көне қамалдың» оң жақ қабырғасы жасанды тастармен көмкеріліп, ұзындығы 220 метрлік қорғанмен қоршалған. Мұнда ежелгі қалалар мен қамалдар қабырғаларының үлгісіне сәйкес, ортағасырлық қорғандар мен дуалдардың көрінісі салынған. Қорған ежелгі керуен-сарайлар мен цитадельдердің дәстүрлі архитектуралық бейнесі бойынша жасалған.

Айта кетейік, алдағы уақытта нысан ішінде әр апта сайын түрлі мәдени-рухани іс-шаралар мен күнделікті қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылатын болады.