Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №24 мектеп-гимназиясында өткен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шарасына қатысты.
Шаһар басшысы ата-аналар мен ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, түлектерге сәт сапар тіледі.
Биыл қаладағы 78 білім ордасын 94 мың оқушы сәтті аяқтаса, олардың 6 мыңнан астамы алтын ұяларымен қоштасты.
Оның ішінде 146 түлек «Алтын белгі», 209 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Сондай-ақ биыл қаладағы білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер бой көтерді.
2024-2025 оқу жылында 5 жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Оның 3-і Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы.
Сонымен қатар, биыл аталған жоба аясында «Шөлдала» алқабында 600 орындық білім ордасы салынып, №7 және №15 мектептерде 300 орынды жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізілуде.
Ал №27 мектепте 600 орындық жаңа ғимараттың құрылысы басталады.
Ағымдағы оқу жылын ұстаздар мен оқушылар да нәтижелі аяқтап отыр.
Республикалық және халықаралық ғылыми жобалар байқауларында, пәндік олимпиадалар мен зияткерлік жарыстарда 83 жүлделі орынды қала мектебінің оқушылары иеленді.
Ұлағатты ұстаздарымыз 24 халықаралық және республикалық, сондай-ақ 55 облыстық кәсіби байқауларда жеңімпаз атанды.