Сәду Шәкіровтың 100 жылдық мерейтойы

Сәду Шәкіровтың 100 жылдық мерейтойы

Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылында Кеңес Одағының батыры, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалінің иегері Сәду Шәкіровтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ескерткіш бюст орнатылды.

Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов, Сәду Шәкіровтың ұрпағы, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

- Бүгін біз дана халықтың дара перзенті, Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровтың рухына тағзым етуге жиналдық. Бұл – тек Талас жері ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға. Отанды сүйген, елі үшін күйген, жерді қорғаған, қиын да сындарлы сәттерде жанын жалау еткен Сәду атамыздың ерен ерлігі қандай құрметке де лайық.

Талас жері – қойнауы қазынаға, тарихы тағылымға толы киелі өңір. «Қазағым», «Елім» деп өмір сүрген тұлға Сәду Шәкіров осындай қасиетті жерде дүниеге келді. Халықтың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз.

Сәду Шәкіров – отаншылдықтың жарқын символы.

Сәду Шәкіровтың ерлігі ел жадында мәңгі қала берсін! Ұлы даламыз әрқашанда аман болсын!"- деді Медет Әбдімәшұлы.

 

Аталған шарада ауылдың алқабилер кеңесінің төрағасы Мәдібек Мылтықбаев, кәсіпкер меценат Сайлау Нұрпейісов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Базартай Әлімбаев құттықтау сөз сөйлеп, Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіровтың Отан қорғау жолындағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі  рәтті еңбек жолы туралы әсерлі әңгімелеп берді.

 

Бюсттің ашылу салтанатына Алматы қаласынан арнайы келген Сәду Шәкіровтың тұңғыш қызы Шакирова Алмашай майдангер әкесіне құрмет танытқан барша ел азаматтарына, аудан әкімдігіне шынайы алғысын жеткізді.

 

Шу ауданынан келген арынды ақын Сәт Мәлібекұлы батырдың құрметіне арнап өлең оқыды.

 

Шара соңында жиналған қауым майдангердің рухына арнап гүл шоғын қойды.

 

Сәду Шәкіровтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шара Кеңес ауылдық округіне қарасты Бөлтірік шешен ауылында жалғасты.

 

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің мәжіліс залында Сәду Шәкіровтың өмір жолына арналған ғылыми – практикалық конференциясы өтті.

 

Конференцияның мақсаты: Қазіргі заман тұрғысынан Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіровтың өмір жолын жан-жақты және терең қарастыру, халық батырының өнегелі мұрасы арқылы Қазақстан Республикасының жастарына патриоттық тәрбие беру.

 

Конференцияда Тараз қаласынан арнайы келген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Әлімбаев Базартай Әлімбайұлына баяндамасымен таныстыруға сөз берілді. Сәду Шәкіров туралы өз ойын Базартай Әліпбайұлы былайша өрбітті:

- Сәду Шәкіров өз өмірін халқына арнаған, елі үшін ерен ерлік жасаған, өнегелі ұрпаққа үлгі болып қалған ұлы тұлға.Туған елінің бақыты үшін күрескен қаһарман перзенттерін халқы шексіз сүйіп, өнегесі үлгі-құрмет тұтады, мәңгілік есте сақтайды".

Батыр атамыздың  жауынгерлік даңқы, бейбітшілік пен бостандықты сақтау жолындағы жанқиярлық батылдығы, қасиетті де қастерлі мақсат-мұраттары – Мәскеу мен Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр мен Курск иінінде, Балтық бойында, Белоруссия мен Украинаны, Минск мен Одесса, Севастополь мен Саарема аралын, сондай-ақ, (Бельгия, Франция, Италия, тағыда басқа Еуропа елдерін) азат етуде, соғыстың соңғы ошағы – Жапонияның Қарулы Күштерін талқандау ісінде кеңінен көрінді.

 

Базартай Әліпбайұлынан кейін сөз алған Марат Балғынбайұлы, Сәт Мәлібекұлы батыр атамыздың ерлігі мен ерен еңбегі туралы пікір алмасты.

 

Арнайы қонақ ретінде шақырылған Сәду Шәкіровтың тұңғыш қызы Алмашай Сәдуқызы жиналған барша қауымға батыр атамыздың ұрпақтарының атынан шексіз алғысын жеткізді.

 

Сондай-ақ, шара барысында Төле би ауылдық округінің орынбасары Аймамбетов Ербол Еркінұлы Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың құттықтауын жеткізді.

 

Одан бөлек, шарада аудандағы мектеп оқушыларының арасында Сәду Шәкіровтың құрметіне арналып, өлең-жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Барлығы 35 қатысушыдан құралған оқушылардың барлығына арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Сәду Шәкіровтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шаралар кіші футбол, қазақша күрес, қой көтеру, 15 шақырымға жүгіру және көкпар тарту бәсекесімен жалғасты.

 

2009-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған қазақ күресінен облыстық турнирге өңірдегі барлық аудандар мен Тараз қаласынан 153 жас палуан қатысып, өзара мықтыларды анықтады.

 

Түйе палуандар арасында өткен облыстық турнирге өңірдегі мықты палуандардан бөлек, көршілес жатқан Түркістан облысы мен Шымкент қалаларының палуандары қатысып, барлығы 16 палуан өзара бақ сынасты.

 

Турнир қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен Қордай ауданынан келген Федоров Данил жеңімпаз атанса, Жамбылдық Нұрлан Қырғызбек екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орын Тараздық Мұхамедәлі Көбегеновке бұйырды.

 

Кіші футболдан өткен аудандық турнирде Кеңес ауылдық округінің командасы бірінші орынды, Бостандық ауылдық округінің командасы екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікке Сәду Шәкіров ауылдық округінің футболшылары иеленді.

 

15 шақырымдық марафонның жеңімпазы Ақкөл ауылының тұрғыны Әлібек Меркібай танылса, екінші орын Бөлтірік шешен ауылының тумасы Ермахан Жамалға бұйырды. Үшінші орынға Самат Рыспаев тұрақтады.

 

Жеңімпаз атанған барлық спортшылар медальдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.