Халық қалаулысы Талас ауданында  

Халық қалаулысы Талас ауданында   

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық штаб мүшесі Нұрымова Гүлдара Алданышқызы Жамбыл облысы, Талас ауданы тұрғындарымен кездесіп, референдумның мақсаты мен маңызын түсіндіру бойынша кездесу өткізді.

Талас ауданына жұмыс сапарында ең әуелі халық қалаулысы Талас аудандық орталық емхана ұжымымен кездесуден бастады. Ақ халатты абзал жандар жиналған мәжіліс залында ағымдағы жылдың 05 маусымына жоспарланған ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы референдумның маңыздығы туралы сөз қозғалды.

Гүлдара Алданышқызы емхана ұжымына Ата Заңның баптарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы толық ақпарат бере отырып,  алдағы маусым айында жоспарланған референдумға қатысуға шақырды.

Кездесу барысында мәжіліс депутатына Талас аудандық емханасының меңгерушісі Гүлнар Каленова учаскелік дәрігерлер мен медбикелер жұмысының ауқымдылығы, медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрілердің сапасының төмендігі және бөлінген дәрі-дәрмек қорын игеру мәселесі туралы шағымын жеткізді.

Депутат Гүлдара Алданышқызының келесі жұмыс сапары Қаратау құрылыс техникалық колледж ұжымы және колледж білімгерлерімен кездесумен жалғасты. Оқу орнының мәжіліс залында өткен кездесуде халық қалаулысына мекеме қызметкерлері бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, колледждің шаруа жөніндегі меңгерушісі Бек Ажатаев оқу орнының типтік үлгіде еместігін және ғимарат күрделі жөндеуді қажет ететіндігін жеткізсе, мекеме директорының орынбасары Сауле Анарбекова кіші қызметкерлер жалақысының төмендігі туралы атап өтті. Сонымен қатар, колледж оқытушысы Гүлмира Жұмағалиева әйелдер қауымының зейнетке шығатын жас мерзімін 58 жасқа төмендету туралы пікірін білдірді.

Одан кейін депутат Талас ауданындағы Қасқабұлақ ауылы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында Гүлдара Нұрымова ауыл тұрғындарына ел Президентінің конституциялық өзгерістерді республикалық референдумға шығару ұсынылғанын, яғни оларды қабылдау тікелей жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.

Ата заңымызға түзетулер елдің болашағына айтарлықтай әсер ететіндігін және Конституциялық реформа жалпыұлттық сипатқа ие, ол жаңа мемлекеттік модельді қалайтындығына тоқталды.

Кездесу қорытындысында Қасқабұлақ ауылдық округінің қоғамдық кеңесінің төрағасы Исмаил Усейнов мәжіліс депутаты Гүлдара Алданышқызына ауыл тұрғындары атынан алғысын жеткізіп, сәттілік тіледі.

Өз кезегінде депутат атқарылар істерге депутаттық сауалдар жолдайтынын жеткізді.