Тоқаев: Әл-Фараби мұрасы мен Ясауи хикметтері Алтын Орданың рухани негізін айқындайды

Тоқаев: Әл-Фараби мұрасы мен Ясауи хикметтері Алтын Орданың рухани негізін айқындайды

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде бұл мемлекеттің феноменін Ұлы даланың ғасырлар бойы қалыптасқан зияткерлік мұрасынан бөле қарауға болмайтынын айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, орта ғасырларда Орталық Еуразия озық идеялар мен ғылыми ойдың ірі орталықтарының біріне айналды. Көшпелі өркениет дәстүрлері, түркі-моңғол мұрасы, ислам мәдениеті және өзге де рухани құндылықтар тоғысқан кеңістікте бірегей интеллектуалдық орта қалыптасты.

Президент Әбу Насыр әл-Фараби мұрасының маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әлемдік философияда «Екінші ұстаз» атанған ғұлама әділет, білім және адамгершілік қағидаттарына негізделген қоғам туралы терең ойлар қалдырды. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегі кейінгі түркі-мұсылман саяси-философиялық дәстүрлерге зор ықпал етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы даланың рухани тарихында Қожа Ахмет Ясауи тұлғасының орны ерекше екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Ясауи жалпы мұсылмандық құндылықтар мен жергілікті дәстүрлерді ұштастырып, түркілік исламның негізін қалыптастырды.

Мемлекет басшысы «Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды» екенін айтты. Оның пікірінше, бұл мұра қазіргі түркі халықтарының дүниетанымдық өзегіне айналған рухани құндылықтарды сақтап келеді.

Президент сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгенін еске салды. Ал Түркістан ғасырлар бойы өңірдің рухани әрі саяси орталығы болып, бүгінгі таңда түркі дүниесінің қасиетті қарашаңырағы саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алтын Орданың өркендеуін түсіну үшін Ұлы даланың зияткерлік және рухани сабақтастығын терең зерделеу қажет. Бұл мұра Қазақстан тарихының ғана емес, бүкіл адамзат өркениетінің ажырамас бөлігі болып табылады.