Тоқаев: Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасы – бүкіл түркі әлеміне ортақ рухани қазына

Тоқаев: Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасы – бүкіл түркі әлеміне ортақ рухани қазына

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және басқа да ұлы ойшылдардың ілімі Алтын Орда дәуірінде одан әрі дамып, түркі халықтарының рухани дүниесін байытқанын айтты.

Президенттің айтуынша, дәл осы кезеңде түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері және Ұлы даланың сан ғасырлық даналығы өзара тоғысып, кең ауқымды идеологиялық кеңістік қалыптастырды. Бұл үдеріс Алтын Орда дәуірінің әдебиетінде айқын көрініс тауып, түркі халықтарының сөз өнері ерекше өркендеген кезең ретінде тарихта қалды.

Мемлекет басшысы халқымыздың рухани мұрасындағы «Ақсақ құлан» күйінің символдық мәніне тоқталды. Биыл бұл туындының дүниеге келгеніне 800 жыл толып отыр. Президенттің айтуынша, бұл күй – домбырадан төгілген Ұлы даланың үні және ұлттың рухани жадының көрінісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз және Доспамбет секілді тұлғалардың мұрасы бүгінге дейін жеткенін атап өтті. Сондай-ақ «Ер Едіге», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» және «Ер Тарғын» жырлары қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ және басқа халықтарға ортақ мұра екенін айтты.

Президенттің пікірінше, Ұлы даланың зияткерлік және рухани сабақтастығы ғасырлар бойы сақталып, Абай Құнанбайұлы шығармаларында жалғасын тапты. Оның «Толық адам» тұжырымдамасы «нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» қағидаттарына негізделген кемел тұлға тәрбиелеудің үлгісі ретінде бағаланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан осы идеялық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән беретінін атап өтті. Осы мақсатта «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендері мемлекеттік наградалар тізіміне енгізілді. Бұл марапаттар ғылым мен руханияттың дамуына елеулі үлес қосқан отандық және шетелдік қайраткерлерге табысталады.

Президенттің айтуынша, жуырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Режеп Тайип Ердоған «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің алғашқы иегері атанды. Осы арқылы Қазақстан тарихи тағдыры ортақ халықтардың болашағы жолындағы интеллектуалдық ынтымақтастықтың маңызын айрықша атап көрсетіп отыр.