Тоқаев: Қазақстан өзін Мәңгілік ел идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагері ретінде қарастырады

Тоқаев: Қазақстан өзін Мәңгілік ел идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагері ретінде қарастырады

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде тарихи сабақтастықты сақтау Қазақстанның мемлекеттік дамуының басты қағидаттарының бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Алайда қоғамның жаңғыруы үшін тарихи сана мен ұлттық құндылықтарды сақтау аса маңызды. Президенттің пікірінше, өткенге құрметсіз болашаққа нық қадам басу мүмкін емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз ретінде нақты көрсетілгенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагері болып саналады.

Президент Жошы ұлысының бай тарихи мұрасын жүйелі түрде зерттеу және кеңінен насихаттау бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысының бастамасымен Жошы Ұлысын зерделеу институты құрылды. Бұл – аталған тақырыпты терең зерттеуге арналған алғашқы мамандандырылған ғылыми орталық.

Қазіргі уақытта әзірленіп жатқан Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналуда. Сонымен қатар Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын жаңғырту мақсатында деректі және көркем фильмдер түсіріліп, кітаптар жарық көріп, театр қойылымдары сахналанып, ескерткіштер орнатылып, көрмелер ұйымдастырылып жатыр.

Президенттің айтуынша, Алтын Орда мұрасын толыққанды зерделеу және оның әлемдік тарихтағы орнын кеңінен таныту үшін халықаралық деңгейде жаңа ауқымды жұмыстар қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бағыттағы бастамалар Қазақстанның тарихи санасын нығайтып қана қоймай, Ұлы даланың әлемдік өркениетке қосқан үлесін жаңа деңгейде танытуға мүмкіндік береді.