Режеп Тайип Ердоған Қазақстанда республикалық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция ел бірлігін одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Түркия Президенті Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас бүгінде кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясында барлық бағытта дамып келе жатқанын айтты.
– Қадірлі бауырыммен өткізген кездесуде сауда, энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықпен қатар жаһандық өзекті мәселелерді талқыладық. Біз екі ел арасындағы тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді тағы да растадық, – деді Режеп Тайип Ердоған.
Сондай-ақ ол 15 сәуір күні Астана қаласында өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын Іс-қимыл жоспарын іске асырудың маңызын атап өтті.
Түркия Президентінің айтуынша, алдағы уақытта да екі ел компанияларын инвестициялық жобаларға ынталандыру жалғасады. Сонымен қатар бүгін өткен Қазақ-түрік бизнес форумы секілді алаңдар сауда-экономикалық байланысты күшейтуге серпін береді.
Кеңес отырысында Қазақстан тарапынан Серік Жұманғарин, Нұрлан Жақыпов баяндама жасады.
Ал Түркия тарапынан Хакан Фидан және Болат Омер сөз сөйледі.