Сейдалықызы Оңал апаны еске алуға арналған волейбол жарысы жоғары деңгейде өтті

Сейдалықызы Оңал апаны еске алуға арналған волейбол жарысы жоғары деңгейде өтті


Талас ауданының Шәкіров ауылында Сейдалықызы Оңал апаны еске алуға арналған ауыл жастары арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Тағылымы мол бұл шара ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие болып, жастардың белсенділігін арттыруға және бірлігін нығайтуға үлкен ықпал етті.
Аталған жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Қатысушылар ойын барысында өзара тартысты әрі қызықты бәсеке көрсетіп, спортқа деген қызығушылықтарын айқын дәлелдеді. Мұндай іс-шаралар ауыл жастарының уақытын тиімді өткізуіне, достық қарым-қатынастың нығаюына септігін тигізеді.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Абай көшесінің командасы иеленді. Екінші орынға Оразбек көшесінің командасы жайғасса, үшінші орынды Қонаев көшесінің командасы қанжығасына байлады. Жүлделі орын алған командалар Кубок, медаль және алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл жарыс тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар үлкен тәрбиелік мәні бар шара ретінде есте қалды. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауыл жастарын бірлікке, белсенділікке және салауатты өмір салтына жетелей беретіні сөзсіз.