Президент: «Жаңа Конституция – келешек ұрпақтың игілігі үшін қабылданған құжат»

Президент: «Жаңа Конституция – келешек ұрпақтың игілігі үшін қабылданған құжат»

Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның маңызына тоқталып, әсіресе жастардың рөліне ерекше назар аударды., деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің айтуынша, референдум барысында қазақстандық жастар жоғары белсенділік танытып, ұлттық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Ол жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданғанын атап өтіп, ел болашағы жастардың қолында екенін тағы да қайталады. Мемлекет басшысы жас буынға сенім білдіріп, олардың білім-білігі, таланты мен әлеуеті Қазақстанды дамыған елдердің қатарына қосатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің еңбегін жоғары бағалады. Олардың жаңа Конституцияны әзірлеу және халыққа түсіндіру бағытындағы ауқымды жұмысы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің нығаюына ықпал еткені атап өтілді. Президент сондай-ақ өңірлердегі қоғамдық белсенділер мен еріктілерге алғыс айтты.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияны елдің келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігін терең сезіне отырып қабылданған тарихи құжат ретінде бағалады. Оның айтуынша, Ата заң – тәуелсіз Қазақстанның берік негізі, ұлттық бірліктің символы және мемлекет мүддесін қорғайтын басты тірек.

Президент жаңа Конституцияның негізгі мақсаттары ретінде елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ білім, ғылым, инновация, мәдениет пен қоршаған ортаны дамыту бағыттарын атады.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Конституцияны халықтың болмысын айқындайтын, ұлттың рухани және тарихи сабақтастығын жалғайтын маңызды құжат ретінде атап өтті.