
Наурызнаманың 10 күндігі аясында «16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» орай «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет орталығында ұлттық нақыштағы көрмелермен көмкерілген мазмұнды мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік шара барысында қаладағы балабақша қызметкерлері қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, тәрбиелік мәні терең салт-дәстүрлерін сахналық қойылымдар арқылы көпшілікке ұсынды. Атап айтқанда, «Сырға салу», «Құда түсу», «Қыз ұзату», «Шілдехана», «Бесікке салу», «Тұсау кесер» секілді дәстүрлер көркем түрде сахналанып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әрбір көрініс ұлттық болмысты, отбасы құндылықтарын және ұрпақ сабақтастығын айшықтай түсті.
Сонымен қатар, мәдениет орталығының өнерпаздары халқымыздың ежелгі әрі тәрбиелік маңызы зор «Жарапазан» айту дәстүрін жаңғыртып, әсем әндер мен ұлттық әуендер арқылы мерекенің шырайын аша түсті. Кеш барысында шырқалған дәстүрлі әндер көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық рухты асқақтатты.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған көрмелерде қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты бұйымдар, ұлттық киім үлгілері, қолөнер туындылары таныстырылып, келушілерге халқымыздың бай мәдени мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік берілді.
Бұл тағылымды шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақтың бойына салт-дәстүрге деген құрметті қалыптастыру, сондай-ақ мәдени мұрамызды кеңінен насихаттау болып табылады. Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы ұлттық болмысымыз жаңғырып, ұрпақтар арасындағы рухани байланыс нығая түсетіні сөзсіз.