Ұлттық құндылық – тәрбие негізі: Таласта ұлттық спорт арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу іс-шарасы өтті

Ұлттық құндылық – тәрбие негізі: Таласта ұлттық спорт арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу іс-шарасы өтті

 

16 наурыз – «Мәдениет, салт-дәстүр күні» аясында Талас ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен маңызды әлеуметтік мәні бар іс-шара өтті. Аталған шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылып, пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында өткізілді.

Іс-шара барысында қатысушылар арасында ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды. Қазақ халқының дәстүрлі ойындары – тек дене шынықтырудың ғана емес, сонымен қатар рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңызды құралы екені белгілі. Осы ретте қатысушылар асық ату, арқан тарту, қазақша күрес сынды ұлттық ойындарда өз бақтарын сынап, белсенділік танытты.

Шараның басты мақсаты – пробация есебіндегі азаматтарды қоғамнан шеттетпей, керісінше оларды қоғамдық өмірге тарту, өздеріне деген сенімділігін арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар азаматтардың қайта құқықбұзушылық жасау тәуекелін төмендетуге, сондай-ақ олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға оң әсер етеді.

Жарыс нәтижесі бойынша үздік шыққан қатысушылар аудан прокурорының арнайы дипломдарымен марапатталды. Бұл – олардың жетістіктерін мойындап қана қоймай, алдағы уақытта дұрыс бағытта дамуына берілген мотивация болып табылады.

Аталған іс-шара қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы кешенді жұмыстардың бір бөлігі ретінде ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, бұл бастама мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтып, әр азаматтың өмірінде оң өзгерістерге жол ашуға бағытталған.