
2026 жылғы 12 наурызда Жамбыл жоғары медициналық колледжінің мәжіліс залында 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық жұмыстарын талқылау, комиссиялардың ұйымдастырушылық және құқықтық дайындығын пысықтау жөнінде Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.
Кеңейтілген отырысқа облыстық референдум комиссиясының толық құрамы, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары, орынбасарлары және хатшылары қатысты.
Отырысты облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Ол референдумды өткізу барысындағы барлық ұйымдастырушылық мәселелердің маңыздылығына тоқталып, комиссия мүшелерінің жауапкершілігі жоғары екенін айтты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов баяндама жасады. Ол 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум қатысушыларын оқыту жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 24 ақпаны мен
5 наурызы аралығында облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласында өткен аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту іс-шараларының қорытындылары туралы ақпарат берді.
Баяндамашының айтуынша, аталған кезеңде комиссия мүшелерінің құқықтық және ұйымдастырушылық дайындығын арттыру мақсатында бірқатар семинарлар мен түсіндіру кездесулері өткізілген. Оқу барысында референдум өткізу тәртібі, дауыс беру процесін ұйымдастыру, құжаттарды рәсімдеу, сондай-ақ заңнама талаптарын сақтау мәселелері кеңінен қарастырылған.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе аясында аумақтық референдум комиссияларының төрағалары дауыс беру күніне дайындық барысы туралы есеп берді. Олар өз баяндамаларында учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, комиссия мүшелерінің дайындық деңгейі, сайлаушылармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және дауыс беру күніне қажетті барлық ұйымдастырушылық шаралардың орындалуы туралы мәлімет берді.
Сонымен қатар, отырыста референдумды байқауды жүзеге асыруға құқылы аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ қоғамдық пікірге сауал салу жүргізу құқығы бар заңды тұлғалардың тізілімі туралы мәселе қаралды. Бұл мәселе бойынша облыстық референдум комиссиясының мүшесі Мейіржан Сембеков баяндама жасады. Ол байқаушылардың қызметі референдумның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды тақырып – референдум күні республикалық және жергілікті телеарналарда ақпараттық шығарылымдар мен сұқбаттарды ұйымдастыру мәселесі болды. Бұл жөнінде облыстық референдум комиссиясының мүшесі Мерей Амангелді баяндама жасап, тұрғындарды ақпараттандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа референдумның маңызы, дауыс беру тәртібі және азаматтардың құқықтары туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Отырыстың соңғы бөлімінде облыстық референдум комиссиясының хатшысы Абылхайыр Боранбаев сөз сөйлеп, комиссия мүшелері арасындағы дауыс беру күніндегі міндеттердің бөлінісі, жоғары тұрған комиссияларға ұсынылатын есептік нысандар мен хаттамаларды толтыру тәртібі, сондай-ақ референдум құжаттарын белгіленген мерзімде жеткізу мәселелері туралы түсіндірме берді.
Жиын барысында қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Аумақтық референдум комиссияларының төрағалары да өз ойларын ортаға салып, референдумды ұйымдастырудың жекелеген мәселелеріне қатысты тәжірибелерімен бөлісті.
Отырысты қорытындылаған облыстық референдум комиссиясының төрағасы С. Айдапкелов республикалық референдумды заң талаптарына толық сәйкес, ашық әрі жоғары деңгейде ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ ол барлық комиссия мүшелеріне дайындық жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, саяси науқанды заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып өткізуді тапсырды.
Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясы