
23 ақпан күні Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Әбілекұлы Сұлтанбаев ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өткізді. Кездесуге аудан әкімдігі өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бөлім басшылары және сала ардагерлері қатысты.
Жиын барысында өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейі, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары және халықпен кері байланысты күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Облыстық полиция департаментінің басшысы өз сөзінде тәртіп сақшыларының басты міндеті – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Сондай-ақ қазіргі таңда цифрлық технологияларды енгізу, бейнебақылау жүйелерін көбейту, интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Құқық бұзушылықтың алдын алу тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені айтылды. Осы орайда білім беру ұйымдарымен, жастармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жобаларды күшейту қажеттігі сөз болды.
Кездесу барысында аудандық полиция бөлімінің атқарған жұмыстары сараланып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Қызметтік тәртіпті сақтау, тұрғындармен сыпайы әрі ашық қарым-қатынас орнату, арыз-шағымдарды дер кезінде қарау мәселелері қатаң бақылауда болатыны ескертілді.
Жиын соңында сала қызметкерлері өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ашық форматта сұрақтар қойды. Бұл өз кезегінде полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Жалпы, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірде құқықтық тәртіп нығайып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі артып келеді. Оңды өзгерістер – пәменді жұмыстың нақты нәтижесі екені жиында айқын көрінді.