
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Талас ауданына жұмыс сапары аясында Бостандық ауылында бой көтерген денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.1 700-ден астам тұрғыны бар Бостандық ауылдық округі үшін бұл – маңызды әлеуметтік нысан. Заманауи спорт кешені ауыл жастары мен тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Мұнда қазақша күрес, бокс, кикбоксинг, волейбол және баскетбол сияқты спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Құрылыс жұмыстарын «Әль-Мансұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жобаның жалпы құны – 562,7 млн. теңге.
Жаңа кешенде 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында спорт нұсқаушылары, медицина қызметкері және өзге де қызметкерлер бар.
Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысы халқының 41,9 пайызы, яғни 511 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Биыл өңірде 21 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның 18-і бюджет қаражаты есебінен, ал үшеуі демеушілердің қолдауымен салынуда. Бүгінге дейін Мойынқұм және Қордай аудандарында 2 спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 8 нысан іске қосылып, қалған 11-і келесі жылы қолданысқа берілмек.