Талас ауданында жағажай волейболын алғаш қолға алған " Талас ауданының волейбол федерациясы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы әрі волейбол бапкері Әбдіманап Қадірбеков .
Алғаш 2018 жылы қолға алынған жағажай волейболын пандемия кезеңі басталып жабуға тура келген. Ал, өткен жылы балалар мен жасөспірімдер орталығында волейбол алаңы ашылып, онда біраз жарыстар ұйымдастырылған болатын. Биыл Әбдіманап Қадірбеков спорт кешені жанынан талапқа сай соғылған екі жағажай волейболының алаңын ашуға бастамашы болды. Оның барысында ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, демеушілер тауып осы шараның оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Бапкердің еңбегі өзінің нәтижесін берді. Суы келіп тұр. Жуынып-шайынатын орындар да жабдықталған.
Таяуда Қазақстан волейбол федерациясы Байзақ ауданында жасөспірімдер арасында төрт жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан кубогы жолындағы дүбірлі жарысты ұйымдастырды. 2007-2008 жылдары туылғандар арасында Талас ауданының құрама командасы сапында өнер көрсеткен Айзере Қахар мен Жұлдызай Өскенбай аталмыш бәсі биік бәсекеде қола жүлдеге ие болды.