
Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Қаратау қаласындағы орталық саябақта «Абай-дана, Абай-дара қазақта» атты поэзия кеші өтті.
Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, жастарды поэзия әлеміне жетелеу, олардың бойында ұлттық рухани құндылықтарға деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті ояту мақсатында өткен шараны «Жастар ресурстық орталығының» белсенді жастары ұйымдастырды. Табиғат аясында, ашық аспан астында өткен поэзия кешінде ерекше шығармашылық атмосфера қалыптастыру үшін от жағылды, алаудың айналасына жиналған жастардың еркін ой- пікір алмасуына, шығармашылық шабытын оятуға жағдай жасалды.
Шара барысында қала жастары Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерінен үзінділер келтірді. Кейбір қатысушылар өздерінің жүректен шыққан арнауларын оқыды. Сондай- ақ, кеш барысында Абайдың әндері шырқалды. Поэзия кеші еркін форматта ұйымдастырылып, қатысушылар шеңбер құрып отырып пікір алмасты. Бейресми ортада өткен басқосу жастардың шығармашылық ойлауына, рухани дамуына оң әсерін тигізді.
Кеш соңында белсенді қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл шара жас буынның ұлттық мәдениет пен руханиятқа деген ықыласын арттырып, Абай мұрасын жаңаша қырынан тануға жол ашты.