
Қаратау қаласында өткен қолбасшы Қойгелді атындағы қазақ күресінен III республикалық турнир өз мәресіне жетті.
Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қаласы палуандарымен бірге Ақмола, Алматы, Атырау, Түркістан, Жетісу, Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл облыстары және Талас ауданының құрама командасы бақ сынады.
Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, жерлесіміз, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тілеухан Әбілдаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Спорттық бәсекеге аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Әзімхан Сатыбалдин, елімізге белгілі спорт маманы Марат Жахитов, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибрайымов, осы турнирдің ұйымдастырылуына ұйтқы болып жүрген жанашыр жандар Шамған Кемелбеков пен облыстық мәслихаттың депутаты Жұмахан Тәңкебаев қатысты.
Төрт жүзге жуық спортшы жиналған белдесулер жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әділ қазылар алқасы да бұл бағытта өздерінің белсенділіктерін көрсетті.
Турнир соңында барлық жеңімпаз және жүлдегер палуандарға арнайы тағайындалған жүлделер табыс етілді.