Ә.Сағынтаев атындағы орта мектебінде 2024 жылдың 15 ақпаны күні "Туған жерге тағзым" жобасы аясында елімізге түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты еңбек жолын жас ұрпаққа насихаттау, туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып жүрген ағалардың ізгі жолын өнеге ету мақсатында "Жылы жүрек-жомарт қол" тақырыбында кездесу өткізілді. Кездесуге келген мектебіміздің әр жылғы бітірген Д.Жаппаров, Қ.Берікбаев, Е.Малкайдаров, Қ.Сыпабеков, Е.Назымбеков, Ә.Мизамбек өздерінің жүрек жарды сөздерімен мектеп оқушылары мен ұжымына алғыстарын білдірді. Кеш қонақтарына арнап, "Алтын домбыра" үйірмесі қазақтың қара домбырасымен күй тартып, биші қыздар мың бұрала билесе, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Д.Таңат "Ауылға барам", "Ауылдастарым" әндерін, математика пәнінің мұғалімі Ж.Жүсіпов "Туған жер" әнін тамылжыта орындады. Мектеп ұжымы жерлес ақын әпкеміз Ү.Битенованың "Таласым"әнін хормен орындады.
Кеш соңы жаны жайсаң,ісі игі ағаларға "Жомарт түлек" төсбелгісі мен куәлігін тапсырумен аяқталды.