🔰Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов орман шаруашылығы саласының есебін тыңдады

🔰Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов орман шаруашылығы саласының есебін тыңдады

30 сәуір, жұма күні басқарманың мәжіліс залында Нұржан Молдиярұлының төрағалығымен есепті жиын болып өтті.
Жиынды жүргізіп отырған басқарма басшысы Аслан Оразбеков жиынға қатысушы орман шаруашылығы мекеме директорларына және қатысушы қызметкерлерге аталмыш саланың маңызына тоқталып, сөз кезегін баяндамашыларға ұсынды.
Бірінші болып баяндама жасаған басқарма басшысының орынбасары Айбар Әділбақов өңіріміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тақырыбын қаузады.
Әсіресе, Меркі ауданындағы Меркі ұлттық паркін құру жұмыстары бүгінгі күннің басты тақырыбының бірі болып отыр. Осы төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған басқарма басшысының орынбасары кедергілердің де жоқ еместігін жоққа шығармады.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Молдиярұлы бұл мәселелерде нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.
Сондай - ақ, жиында орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Данияр Башанов орман екпелерінің төңірегінде сөз қозғады.
Бүгінгі күні 3100 гектарға 5,7 млн, 200 гектарға орман екпелерін толықтыруға 433 мың дана, жалпы саны 6,1 млн дана ағаш (сексеуіл және қарағаш) көшеттері отырғызылған. Ағаш отырғызу жоспары толығымен (100%) орындалған.
Орман себу ІС-ШАРАЛАРЫНА сәйкес, 4000 гектарға 20 000 мың кг сексеуіл ағашының тұқымын себу жұмыстары күз айына жоспарланып отырғандығын тілге тиек етті.
Келесі 2022 жылға орман қорында кешенді жоспарды орындау үшін барлығы 19,8 млн дана көшеттер қажет екен. Оның ішінде, сексеуіл 16,9 млн дана, қарағаш 2,9 млн дана және толықтыру жұмыстарына қосымша 510 мың дана көшеттер керектігі есептелген. Жоспарды орындау үшін мекемелердегі тұқымбақтар көлемі де арттырылған.
Қазіргі таңда, өрт қауіптілігі жоғары маусым басталғанына тоқталған бөлім басшы осы төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Алдымен, орман қорындағы орманшылықтарда жалпы саны 34 өрт бақылау мұнаралары орнатылған және өрт қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылғандығын жеткізді.
Қазіргі уақытта мекемелер бойынша 258 өрт жасақтары және орман қорғау қызметкерлерінен құрылған өрт сөндіруші топтарда 557 адам сапқа қойылған.
Өрт қауіпті маусым аяқталғанша Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» РМК 1 ұшағы мен 1 тік ұшағы әуеден тұрақты түрде бақылау-мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді (1 сәуірден – 15 қараша айлары аралығында).
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов өрт қауіпі басым маусымда мекемелерге барынша әзірлікті арттыруды тапсырды.